«Не қалды тарақ-тарақ, Шашылған жүрегімнен. Жөндей алмаспын енді, Сынғанын білемін мен. Қолымнан құлап түсіп күл болды өзегімде, Сертімді сенімен бірге жерледім өз қолыммен».
Бұл «Жанып-сөну» деп аталатын әннің мәтіні. Тағы керек пе? Мінекиіңіз...
«Кезегін күтпей Қар жауады күзде, Қадірі болмай Еріп кетер лезде. Көрінген көшеді Тал да өседі Жемісін бермей Көктем қарайды».
Бұл «Асығады өмір» деп аталатын келесі бір әннің мәтіні.
Қажет болса, бұл сияқты мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Ең кереметі сол, осылардың бәрі де бүгінде теледидар арқылы жиі-жиі орындалып, біздің желөкпе ағайындар дуылдата қол соғып, рахаттана тыңдап жүрген әнсымақтардың сөздері. Олай болатын себебі қазір екінің бірі ақын, екінің бірі композитор. Сондықтан, өздері орындайтын «әндердің» мәтінін де, музыкасын да өздері жазады. Бұрынғы замандарда мұндай сөздерді «қойыртпақ», ал, әндерді «әншейін әләуләй ғой» дейтін де қоятын. Ендігі жерде ондайлар әннің нағыз төресіне айналды да, оларды орындаушылар «жұлдыз» болып шыға келді. Оған бір жағынан сондай концерттерді тамашалайтын ағайындарымыздың талабы мен талғамының төмендігі де «көмектесіп» отыр.
Кешегі кеңестік дәуірдегі сияқты біреуі мұғалім, біреуі инженер, біреуі дәрігер, енді біреулері механизатор болып халық шаруашылығының түрлі салаларында еңбек етіп, өзіне де, еліне де пайда келтіруге тиіс талай жігіттер мен қыздар сауық-сайран құрып сахнада жүр. Көпшіліктің айтқандарына сенсек, олардың дені жұртшылық алдына немесе экрандарға той-томалақтардан тапқан ақшаларын беру арқылы шығатын көрінеді. Оның өзі біздің бірқатар қазақстандық телеарналар үшін оңай олжа болды. Бір жағынан – табыс, екінші жағынан – эфир уақытын толтырады. Ол аз десең, бір концертті бірнеше рет қайталайды. Сондықтан шығар, отандық телеарналардағы таусылмайтын концерттерден әбден ығыр болған талғамы жоғары, салиқалы көрермен көбіне шетелдердің телехабарларын қарайды екен. Ал, жаңағы «жұлдыздардың» өз тыңдаушылары, дәлірек айтқанда, өз «контингенті» бар.
Баяғы заманда бір ақылды қария балаларын жинап алып, «Бәрің бірдей қойшы болсаңдар құл боларсыңдар, бәрің бірдей әнші болсаңдар қу боларсыңдар. Біреулерің жеңіл тірлік қуып әнші болсаңдар да, қалғандарың қойшы болыңдар. Әйтпесе, өмір сүрулерің қиын болады», деген екен.
Кейде сахнада екіден-үштен қосылып алып секеңдеп жүргендерге қарап отырып жастары егде тартып, онсыз да сыңсудан әріге бара алмайтын дауыс-тары мүлдем шықпай қалғанда осынау қыз-жігіттер қайда барып, қалай күн көрер екен деп ойлайтыным да рас. Айтқандай, бұрын әнді екі адам орындаса – екі дауыспен, үш адам болса үш дауыспен орындайтын. Бірнеше адамның қосылып айтуының мәні де осыған келіп саятын. Бүгінде бәрі қосылып бір дауыспен айтады. Бұл да бірыңғай «жылауық» әндерге әуес әншілеріміздің жеке орындауға дауыстарының жетпейтінін дәлелдесе керек.
Біз айтып отырғандай «ауылдың алты ауызын» айтатын әншілер кеңестік заманда да аз болған жоқ. Кейбір таланттылары тіпті республикалық теледидарға да шығып жатты. Бірақ ол кезде ешкім олардан «жұлдыз» жасаған емес, әрі кетсе көркемөнерпаздар үйірмелерінің мүшелері деп атайтын. Ал, қазір:
«Не қалды тарақ-тарақ, Шашылған жүрегімнен. Жөндей алмаспын енді, Сынғанын білемін мен».
Шынымен де, мына түрімізбен ешқашан жөндей алмайтын шығармыз...
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»